Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиында мектептердің жаңа оқу жылына дайындық жайы пысықталып, өзекті мәселелері қаралды.
«Мектеп формасын бірізді етуге баса мән керек. Діни атрибуттағы киім мәселесі, әсіресе этнос өкілдері білім алатын жекеменшік мектептерде нашар. Теологтар тарапынан ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін дін істері басқармасымен бірлесе жұмыс жүргізілу қажет. Қазіргі таңда СЭС қорытындысы алынбай тұрған 103 мектеп бар. Оның жартысы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының аяқталуымен шешіледі. Қалғанының жұмысын жылдамдатыңыздар. Өңірде жалпы 41 мектеп күрделі жөндеуді талап етеді. Биыл алғаш рет іске қосылатын білім ошақтарының қажетті құжат рәсіміне ерекше мән беріңіздер. Бюрократиялық кедергі жасамаңыздар», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Комиссия мүшелері «Мектепке жол» акциясы аясында, әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету жайын саралады. Білім беру ұйымдарында балаларды ыстық тамақпен қамту және асханалардың санитариялық жағдайын талқылады. Педагогтардың білім жетілдіру мәселесін қозғады.
«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Биыл 22 900 орындық 29 мектептің құрылысы аяқталып пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 7-еуі толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшіріледі. Қалған 22 мектепке оқушылар әр мектептен жиналады, бұл мектептердің оқушылары баланстан балансқа ауыстыру тәртібімен оқулықпен толық қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 13-ін тапсыру жоспарланса, соның ішінде 4-уі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. Жалпы Түркістан қаласының өзінде оннан аса білім ошағы ашылады деп күтілуде.
Тамыз айынан бастап, облыстағы 48 мектептің асханасына құрылыс жұмысын жүргізу және қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы арқылы шешіледі. Ал әлеуметтік осал топ отбасыларының балаларына көмектесу үшін мемлекеттік көмектен бөлек, қоғамдық ұйымдар белсенділік танытуда.