Түркістан облысында 11 сынып оқушысы 14 жастағы қызды пышақпен қорқытып, зорлап келген
Түркістан облысында 11 сынып оқушысы 14 жастағы қызды пышақпен қорқытып, зорлап келген. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде ақпарат таратты, деп хабарлайды Kazinform.
Қоғам белсендісінің жазбасына сүйенсек, осы жылдың өзінде күдікті 14 жастағы қызға 9 рет зорлық-зомбылық жасаған. Қыз қорыққандықтан бұл әрекет жайында ешкімге айтпаған. Тіпті, жігіт өз-өзіне қол жұмсап, өліміне кінәлі етіп қызды көрсететінін айтқан.
Аталған мәселеге қатысты Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді.
«Полиция Сайрам ауданы тұрғынының арызы бойынша кәмелет жасына толмаған танысы тарапынан оның кәмелетке толмаған қызына қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл факт бірден ҚР ҚК 122-бабының 1-бөлігі бойынша «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр және сараптама нәтижесі бойынша заңды процестік шешім қабылданатын болады. Қылмыстық істі тергеу полиция департаменті бастығының жеке бақылауында. Сонымен қатар азаматтардан тек ресми дереккөздерге сенуді және жалған ақпарат таратудан аулақ болуды сұраймыз», - делінген ведомства тарапынан ұсынылған ақпаратта.