Түркістан облысында 119 кәсіпкер лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жыл басынан бері көлеңкелі экономикамен күрес аясында 667 салықтық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 119 кәсіпкердің лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқаны белгілі болды.

Фото: Kazinform

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекованың айтуынша, жыл басынан бері кедендік бақылау нәтижесінде жалпы салмағы 131,9 грамм болатын есірткі заттарын заңсыз алып өтудің 27 фактісі тіркелген.

– Сонымен қатар мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 77 дерегі анықталып, сот шешімімен 2,29 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Жалпы 9,5 тонна бензин мен 8,1 тонна дизель отыны тәркіленді, – деді спикер.

Бұдан бөлек жалпы сомасы 64,3 мың АҚШ долларын құрайтын валютаны заңсыз әкетудің үш фактісі анықталды. Сондай-ақ рейдтік іс-шаралар барысында салық заңнамасын бұзудың 667 дерегі тіркелген.

– Оның ішінде 386 жағдайда бақылау-касса машинасы қолданылмаған, 151 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Сондай-ақ 11 жағдайда POS-терминал пайдаланылмаған, ал 119 кәсіпкердің лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқаны анықталды, – деді Сәуле Шырынбекова.

Бұған дейін Түркістан облысындағы «Қапланбек» өткізу бекетінде жанжал туып, полиция іс қозғағанын жазған едік.