Түркістан облысында 139 елдімекенде интернет жоқ

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірдегі 2 053 379 тұрғыны бар 690 ауылдық елдімекен 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Қалған 93 855 тұрғыны бар 139 елдімекенде интернет мүлдем жоқ. Бұл туралы Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков мәлімдеді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысы елді мекендерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. 

Қазіргі таңда байланыс операторлары 96 ауылдық елдімекенде жаңа базалық станция орнатуды жоспарлап отыр.

Ол үшін жергілікті әкімдік антенна-мачталық құрылыс жайларын анықтап, электр желілерімен қамтамасыз етіп беру қажет. 

Бұдан бөлек, 113 елдімекенде жаңа базалық станциялар орнатылады.

Ал, 70 елдімекенде базалық станцияларды жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

«Түркістан облысы аумағындағы 829 ауылдық елдімекеннің 690-ында 4G және 3G мобильді интернет желісі бар. Қалған 139 елді мекеннің 100-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Ал, 39 елдімекенде ұялы байланыс мүлдем жоқ. Жол картасы аясында халық саны 250-ден жоғары 50 елдімекенді 2024-2025 жылдары интернет желісімен қамту жоспарланып отыр. Қалған 89 елдімекенде техникалық мүмкіндіктің болмауы, антенна-мачталық құрылыс жайларын орнатуға бюджеттің қаралмауы, халықтың аз қоныстануы, таулы шалғай аумақтарда орналасуы, коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болу себебінен байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда», — деді Марат Айнабеков.