Түркістан облысында 15 жастағы қыздың асқазанынан 1 келі шаш алынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қалалық балалар ауруханасында медицина тәжірибесінде сирек кездесетін әрі аса күрделі ота сәтті жүргізілді.
15 жастағы қыз шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Тексеру барысында асқазан қуысында ірі көлемді бөгде зат анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, күрделі хирургиялық ота жасады. Науқастың асқазанынан салмағы 900 грамм болатын шаш түйіні алынды.
– Ота 2 сағат 50 минутқа созылды. Хирургиялық бригада, анестезиологтер және орта медицина қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, отаны сәтті аяқтады. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында, - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар медицинада өте сирек кездеседі және дер кезінде көмек көрсетілмеген жағдайда ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.
Бұдан бұрын Түркістанда 8 айлық сәбидің ішінен ине шыққанын жазған едік.