Түркістан облысында 192 елді мекен тұрғындары ауыз суды кесте бойынша тұтынады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Шалғайда орналасқан ауылдарда ауыз су тапшылығы әлі де бар.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесі өңір тұрғындарының сапалы ауызсумен қамтамасыз етілу деңгейінің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, кейбір ауылдарда су жеткіліксіздігі әлі де бар.
Биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен 66 су нысанын салуға қаражат бөлінген. Оның 38-і биыл аяқталып, пайдалануға берілу жоспарланып отыр, ал қалған 28 нысан 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдыңғы қатарлы индикаторға 30 мыңнан астам адам тұратын 30 елді мекен енгізілген. Бұл жерлердегі жобалар ең бірінші болып аяқталады.
Сонымен қатар, шалғайдағы 8 ауыл қазіргі қолда бар су көздерінен сумен қамтамасыз етіліп отыр.
— Сарыағаш ауданындағы екі, Келес ауданындағы төрт және Шардара ауданындағы екі ауылға кешенді блоктық модульдер орнату жоспарланып отыр, — деп мәлімдеді Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары.
Қазіргі таңда облыста 756 елді мекенде сумен қамтамасыз ету жүйесі бар. Оның 165-і беткі су көздерінен, 591-і жер асты су көздерінен су алады. 548 ауылда 24 сағаттық сумен қамтамасыз ету жүйесі қалыптасқан. Алайда 192 елді мекенде су кесте бойынша беріледі, 16 ауылда су беру уақытша тоқтатылған. 83 ауылда кесте тек жаз мезгілінде, ал 109 ауылда жыл бойына қолданылады.
Негізгі проблемалар су көлемінің азаюы мен тазарту құрылғыларының жеткіліксіз қуатымен байланысты. 22 ауылда жағдай ескірген инфрақұрылымға байланысты қиындап отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында биыл 33 елді мекенді үзіліссіз ауыз сумен қамтамасыз етуге 12,7 млрд теңге бөлінді.
Жалпы, 2026 жылға дейін жүйеге тағы 101 елді мекен қосылса, 2027–2028 жылдары қосымша 58 елді мекен сумен қамтамасыз етіледі.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін ел тұрғындарының 100 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойған. Бүгінгі таңда Түркістан облысының қалалары толық сумен қамтамасыз етілген, ал ауылдардағы қамтамасыз ету деңгейі 98,1%-ға жетті. Құрылыс жұмыстарының барысы штабтың тұрақты бақылауында және облыс әкімінің жеке бақылауында тұр, — делінген Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштер мақта алқабының астында бүлініп жатқанын жазған болатынбыз.