Бүгінде облыстың жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектар. Оның ішінде жайылымдық жерлердің көлемі 8 млн 822,7 мың гектарға жетеді.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басында облыста жайылым тапшылығы 531,1 мың гектар болған.
— Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — қоғамдық жайылым тапшылығы. Мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 165,6 мың гектары ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым үшін тұрақты пайдалануға бекітілді. Нәтижесінде елдімекендердегі қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта аудан, қала әкімдіктері тарапынан тапшылықты одан әрі азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлерді пайдалану бойынша меморандумдар жасасып, тұрғындардың мал жаюына мүмкіндік беруді көздеп отырмыз, — деді Ерғали Тілеген.
Сонымен қатар арнайы жұмыс тобы жүргізген тексеру нәтижесінде аудан, қала аумағындағы 1494 жер пайдаланушыға тиесілі 187,3 мың гектар жайылымда мал басы тіркелмегені анықталған. Осыған байланысты аталған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген.
— Жыл басынан бері аудан, қала әкімдіктері тарапынан 192,4 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта қайтарылған жерлерді адал жер пайдаланушыларға конкурс арқылы қайта беру жоспарланып отыр, — деді Ерғали Тілеген.
Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары да жалғасып жатыр. Мәселен, 2022-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері 39 конкурс өткізіп, жалпы көлемі 405,7 мың гектар болатын 1398 жер учаскесін жалдау құқығымен табыстаған. Оның 23,3 мың гектары — егістік, 382,4 мың гектары — жайылымдық жерлер.
— Ал биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 140 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін конкурс арқылы 82 мың гектар жер айналымға берілді. Қалған 58 мың гектарды жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу көзделіп отыр, — деді спикер.
Бұған дейін Түркістанда тұрғындар жайылым жердің жекеге өтіп кеткеніне наразылық білдіргенін жазған едік.