Түркістан облысында 287 мыңнан астам адам МӘМС аясында сақтандырылмаған

Коллаж: Kazinform / Canva

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында медициналық ұйымдарға 2 075 225 адам тіркелген. Оның ішінде, сақтандырылған азаматтар саны — 1  787 237 (86,1%) болса, сақтандырылмағандар саны — 287 988 (13,9%). 

Облыста бір жыл көлемінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 102 055 адамға (26,2 пайызға) азайған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, биылдан бастап D және E санаттары мен ресми жұмыссыз азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді.

— МӘМС жүйесіндегі өзгерістердің бірі — сақтандыру есебінен қаржыландырылатын медициналық қызмет түрлерінің кеңеюі. Енді осы пакетке созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулар енгізілді. Бүгінде аталған бағытта науқастарды толық қамту шаралары жүзеге асырылып жатыр. МӘМС жүйесінде жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар және соңғы үш ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған, яғни жұмыс істемейтін және әлеуметтік саламаттылықтың Д, Е деңгейіне жататын адамдар үшін жарналарды төлеу жергілікті атқарушы органдардың қаражатынан жүзеге асыру көзделген, — деді ол.

Ресми мәліметке сәйкес, бір адамға ай сайынғы жарна — 5 908 теңге болса, жылына — 70 897 теңге. Егер азамат соңғы 5 жыл қатарынан жарна төлеген болса, төлемде үзіліс болған жағдайда оның сақтандыру мәртебесі 6 айға дейін сақталады.

Сонымен қатар Д және Е әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыс деңгейіндегі тұрған адамдарды МӘМС жүйесіне тарту назарға алынған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаевтың сөзінше, «Отбасының цифрлық картасы» дерекқорына сәйкес, бүгінгі таңда дағдарыс D және Е деңгейіндегі 138 789 отбасы есепке алынған. Оның ішінде, 114 156 адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған.

Бұдан бұрын 2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгенін жазған едік.