Түркістан облысында 33 қойды көлікпен алып кеткен екі күдікті ұсталды
Түркістан облысында қой ұрлады деп айыпталған қос күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға Сауран ауданында тіркелді. Жергілікті тұрғынның қорасында тұрған 33 қойы бір түнде қолды болған.
Жалпы жәбірленушіге 2 миллион теңгеге жуық шығын келген. Тыңғылықты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасаған екі күдіктіні ұстады.
«Екі жігіт түнгі уақытта қорада тұрған қойларды автокөлікке салып, ұрлап кеткен. Малды базарға апарып, сатып жіберген. Ал түскен ақшаны екеуара бөлісіп, бас пайдаларына жаратқан. Тергеу барысында күдіктінің бірі бұрын сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда екі азамат қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.