Түркістан облысында 4 000-нан астам адам «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қазіргі күні аға буын өкілдерін қолынан келетін жұмыспен қамтамасыз етуге елімізде мол мүмкіндер қарастырылып отыр. Айталық, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде зейнеткерлік жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» жобасы жүзеге асырылып келеді. 

Фото: Түркістан еңбек мобильді орталығы

«Күміс жас» жобасы негізінен зейнетке шығуға жасы таяп қалған адамдар үшін өте тиімді. Мәселен, Төлеби ауданының тұрғыны Медетбекова Қалима Қапашқызы «Күміс жас» жобасы аясында «Алан-А» жеке кәсіпкерлігіне 2024 жылдың ақпан айында жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып келеді.

Ал, Калия Жусанбаева аталған жобамен «Қалампыр ана» балабақшасында жұмыс істеп жүр.

«Өткен жылы жұмыс іздеп Төлеби аудандық мансап орталығының қызметкерлеріне жүгіндім. Алғашында жұмыссыз адам ретінде тіркелдім, содан кейін орталық мамандары маған сәйкес жұмыс орындарын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындарының арасынан «Қалампыр ана» балабақшасына «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналастым», - дейді Калия Кемерқызы. 

Арыс қаласының тұрғыны Айнаш Күзенбаева 2024 жылдың қаңтар айында Арыс қалалық мансап орталығына жүгінген болатын. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алғаннан кейін «Күміс жас» жобасы бағытын таңдап, «Алмагүл шебер» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа орналасып, қазіргі уақытта сол жерде табысты еңбек етуде.

«Мен Арыс қалалық мансап орталығына қаңтар айында жүгіндім, ал 1 ақпан күні мені жұмысқа орналастырды. Жасымды ескере отырып, олар маған осындай қысқа мерзімде лайықты жұмыс табады деп ойламадым. Бұл - біздің жастағы азаматтарға арналған керемет мүмкіндік. Құрдастарыма, замандастарыма осы жобаға қатысуға кеңес беремін, - дейді Айнаш Уразалықызы.

Биыл Бәйдібек ауданы бойынша «Күміс жас» жобасымен 80 азаматтың жұмысын ұйымдастыру жоспарланып, толығымен 80 азамат тұрақты жұмысқа жолданған. «Жылдық жоспар 100 пайызға орындалды» - дейді сала мамандары. Осы орайда жасы елуден асқан адамдардың тиімді жұмыспен қамтылуына айрықша назар аударылып отыр. Солардың бірі – Ләззат Искакова. Ол Бәйдібек аудандық Мансап орталығына жұмыссыз азамат ретінде жүгініп, жоба аясында жеке кәсіпкер «Бекет» жылыжайына жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда Ләззат ханым жұмысқа белсене кірісіп, тапсырылған істі абыроймен атқарып келеді.

Жетісай ауданында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде зейнеткерлік жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Әсіресе, бұл жоба зейнетке шығуға жасы таяп қалған адамдар үшін өте тиімді болуда.

Айталық, Өмірбек Алгибаев - шаштараз, Оразкүл Бектенова - сатушы, ал Айсұлу Бухарова аспаз болып «Күміс жас» жобасы негізінде аудан орталығында орналасқан «Дариха» жеке кәсіпкерлігінде жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда олар өздеріне тиісті жұмыстарын абыроймен атқарып келеді.

Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғыны Тәжікүл Меңбаева да «Күміс жас» жобасы негізінде аудан орталығында орналасқан «Шырайлым» жекеменшік бөбекжай-балабақшасында жұмыс істеп келеді. Ал, Төлеби ауданындағы Ханарық ауылының тұрғыны Гайрат Гульбаев мемлекеттің қолдауының аясында «Сарвар» жеке кәсіпкерлігіне құрылыс көлігін жүргізуші болып еңбек етуде. 

«53 жастамын. Негізі еңбек өтілім бар. Бірақ кей себептермен жұмыссыз қалып қойдым. «Күміс жас» бағдарламасы бар екенін естіген соң қатысып көргім келді. Мамандардың нұсқауымен ақпан айында жұмысқа қабылдандым. Жұмыс ыңғайлы, өзіме ұнайды. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым мемлекет халық үшін бағдарламаларды шығарып жатқан кезде мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. «Күміс жас» жобасы атына сай атқарылып жатыр екен. Мен өз құрдастарыма қатысыңдар деп кеңес беретін болдым», - дейді Гайрат Гульбаев.

Ал, Кентауда «Күміс жас» жобасымен кәсіби сертификатталған массаж маманы жұмыс істейді. «Mom-baby» массаж орталығына жұмысқа жолданған Жанбибі Джанибекова дисплазия, ДЦП, бұлшық ет тонусының бұзылуы, омыртқаның қисаюы, ЖРВИ асқынулар, психомоторлы дамудың тежелуі сынды денсаулығында ақауы бар бүлдіршіндерге массаж жасап, емдейді. Бүгінге дейін балабақшада жұмыс істеген Жанбибі бүлдіршіндермен қалай тіл табысу керектігін білетін, оларды еркелете білуде алдына жан салмайтын мейірімді жан. «Күміс жас» жобасымен жұмыс істеп жүрген ол профилактикалық және емдік массаж түрлерін жасайтын кәсіби сертификатталған маман.

Түлкібас ауданында «Күміс жас» жобасы бойынша 130 азамат жұмысқа жолданған. Жылдық жоспар 100 пайызды құрап отыр. Аталған жоба бойынша жұмыс тапқан жанның бірі Жабағылы ауылдық округінің тұрғыны - Лаззат Дарменова. Ол «НурДи» жеке кәсіпкерлігіне күміс жас бағдарламасымен аспазшы қызметіне жолданған. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқарып келеді.

Жалпы, «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар 36 айға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін Мансап орталығына өтініш беру керек. «Күміс жас» жобасын қаржыландыру Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асады. 

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. 

Жасыратыны жоқ, елімізде жастарға қарағанда егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын. Зейнеталды жастағы адамдар жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы қорына жарнасын аударып отырмаса, күні ертең оның зейнетақысы мардымсыз болып қалады. Ал, мемлекет қолға алып отырған «Күміс жас» жобасы осындай олқылықтар болмауы үшін жасалып жатқан жағдай.

Жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. 

Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 8 айында өңірде нақты 78,8 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданып, жоспар 66,3 пайызға орындалған. Оның ішінде 38,8 мың адам тұрақты, 39,9 мың адам уақытша жұмыспен қамтылып отыр. 

Субсидияланған жұмыс орындарына нақты 38 657 адам (4 456 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (95,2%); 11 557 адам жастар практикасына (73,1%); 14 965 адам қоғамдық жұмыс орындарына (107,3%); 3 432 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына (95,6%); 4 247 адам «Күміс жас» жобасына (104,9%) жолданды.