Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланды

Сайлау қорытындыларына сәйкес Бәйдібек ауданына Ерлан Нұрмаханов, Мақтаарал ауданына Бахыт Асанов, Созақ ауданына Мұхит Тұрысбеков, Шардара ауданына Арман Қарсыбаев әкім болып сайланды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Түркістан облысындағы сайлау өткен 4 ауданда да үш кандидаттан бақ сынасты.

Халықта сайлауға белсенді қатысты. Тіпті, кей сайлау учаскелерінде концерттік бағдарлама қойылып, жергілікті өнерпаздар әсем әндер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал, ұлттық киімде келген әжелер мен келіндер өзара сабақтастықтың үлгісін көрсетті.

Нәтижесінде Бәйдібек ауданында кәсіпкер азамат қарсыластарын жеңіп шықса, Шардара ауданында мәслихат төрағасы қызметін атқарған депутат жоғары ұпай жинады. Ал, Созақ, Мақтаарал аудандарында сайлаушылар бұрын әкім қызметін атқарып келген екі кандидатқа қолдау білдірген.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер Мақтаарал ауданында көп болған. Яғни, мұндағы 922 сайлаушы барлық кандидатқа қарсы қатарды белгілеген.