Жыл басынан бері өңірде кедендік бақылау кезінде есірткі заттарын заңсыз алып өтудің 36 дерегі тіркелді.
Сонымен қатар мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 246 фактісі анықталды. Нәтижесінде 9,77 тонна бензин мен 25,7 тонна дизель отыны тәркіленді. Сот шешімімен құқықбұзушыларға 15,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Өткен жылдың осы кезеңінде 212 дерек тіркеліп, 19,1 тонна бензин мен 28,3 тонна дизель отыны тәркіленген.
— Өңірде жүргізілген тексерулер барысында 1059 салықтық құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 479 жағдайда бақылау-касса машинасы қолданылмаған. Тағы 421 салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Бұдан бөлек, 23 жағдайда POS-терминал қолданылмаған, ал 136 жағдайда алкоголь өнімдері лицензиясыз сатылған, — деді Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова.
Сондай-ақ 86,3 мың АҚШ доллары сомасындағы валютаны заңсыз әкетудің бес фактісі анықталды.
Бұған дейін ел аумағынан жанар-жағармайды заңсыз шығаруға байланысты қосымша бактармен жабдықталған 537 көлік анықталғанын хабарлаған едік.