Түркістан облысында 465 мың гектардан аса жер мақсатына сай пайдаланылмаған

Фото: Алматы облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында 3 960 жер пайдаланушының 372,6 мың гектар жайылым жерлеріне мал тіркелмегендігі анықталған. 

Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, аудан, қала әкімдіктеріне 224,1 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 219,7 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған.

– Аудан, қала әкімдіктері тарапынан Жер ресурстарын басқару департаментіне 163,4 мың гектар жер учаскелеріне қатысты құжаттар ұсынылды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2316 жер пайдаланушының 465,2 мың гектар жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбағаны анықталды. Департамент тарапынан 403 жер пайдаланушыға 93,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты нұсқама, ал аудан, қала әкімдіктері тарапынан 1177 жер пайдаланушыға 258,3 мың гектар жер учаскелеріне қатысты хабарлама берілді, – деді ол.

Айта кетсек, өңірде 2024 жылдың басында қоғамдық жайылым жер тапшылығы 608 мың гектар болса, биыл 539,8 мың гектарды көрсетіп отыр.

Сондай-ақ биыл облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 144,9 мың гектар жерді айналымға қосу жоспарланған. Бүгінде 12 конкурс ұйымдастырылып, 109,9 мың гектар 478 жер учаскесі айналымға енгізілді. Оның ішінде, егістік жер – 4,8 мың гектар, жайылымдық жер – 104,5 мың гектар. Ал 2026 жылға ауыл шаруашылығы мақсатындағы 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған.

Бұдан бұрын Түркістан облысында жерді заңсыз пайдаланып, пайдалы қазба өндіргендер анықталғанын жазған едік