Түркістан облысында 50 мың гектар алқаптағы егін ораққа ілінбей қалуы мүмкін
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қуаңшылық 336 шаруаны тығырыққа тіреп отыр.
Түркістан облысында ұзаққа созылған қуаңшылық пен ағын су тапшылығы салдарынан егін алқаптарының біраз бөлігінде өнім өнбей қалуы мүмкін. Қазіргі есеп бойынша, 50 мың гектардан астам тәлімдік жерге егілген дақылдар толық бой көтермей, шаруалардың еңбегі еш кету қаупі бар. Бұл жағдай 336 шаруаның жұмысына тікелей әсер етіп отыр.
Облыста ағын су тапшылығы жыл сайын артып келеді. Мамандар биылғы маусымның ерекше құрғақ әрі жауын-шашынсыз болғанын атап өтті. Соның салдарынан өңірдегі негізгі өзендерден келетін су көлемі азайған.
– Биылғы жылы ауа-райының жауын-шашынсыз құрғақ болуына байланысты, ағын су тапшылығы орын алуы қауіптілігі жоғары болып тұр. Жалпы облысқа жылдық қажетті лимит 4,8 млрд. текше метр болып бекітілген. Осы орайда, шаруа қожалықтарға ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі түзіліп, аудан, қала әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілді. Шаруаларға түсіндірілді. Олардың келісімімен кесте бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен босатылып жатыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Бүгінде өңірдегі шаруалар ағын суды кезекпен тұтынып келеді. Белгілі бір уақытқа кейбір аудандарға су беру уақытша тоқтатылып, өзге өңірлерге бағытталады. Мәселен, 20 маусым мен 1 шілде аралығында Сайрам ауданында су беру тоқтаған, ал бұл кезде Отырар ауданына су жіберіледі. Шілденің басында, керісінше, Сайрам мен Сауран аудандарына қайта су беріліп, басқа аудандарға уақытша тоқтатылады.
Жалпы, облыстағы суармалы жер көлемі 552 мың гектарға жетіп отыр. Бұдан бөлек, тәлімдік алқаптарда 360 мың гектарға бидай, арпа және мақсары егілген. Алайда табиғи ылғалдың аз болуына байланысты бұл жерлерде де өнімнің шықпауы мүмкін.
Су тапшылығы әсіресе Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал және Жетісай аудандарында қатты сезілуде. Қазіргі таңда облыстағы негізгі магистралды каналдар арқылы ағын су көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Мысалы, «Достық» каналы арқылы биыл секундына 28,6 текше метр ғана су келіп жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 38,8 болған.
Облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта жаңа су қоймаларын салу арқылы мәселені шешуді көздеп отыр. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының құрылысы толық жүзеге асқанда, өңірдегі «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету үшін облыстық деңгейде арнайы жұмыс тобы құрылды. Шаруалардың несиелерін шегеру және қаржылық көмек көрсету бойынша министрлікке ұсыныстар да жолданған.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында ұзаққа созылған қуаңшылық салдарынан егістік алқаптары күйіп, шаруалар шығынға батып жатқанын жазған болатынбыз.