Түркістан облысында 5700-ден астам қызметкерге МӘМС жарналары төленбеген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында бірқатар ұйым 5 706 қызметкер үшін МӘМС жарналарын төлемеген. Сондай-ақ өңірде 306 мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.

Коллаж: Kazinform/ Canva

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, бүгінде өңірде медициналық ұйымдарға 2 085 921 тұрғын тіркелген.

Оның ішінде 1 779 672 адам немесе 85,3 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 306 249 тұрғын (14,7%) сақтандырылмаған. Медициналық сақтандырудан тыс қалған азаматтардың 247 945-і немесе 80 пайызы ауылдық жерде тұрады.

Талдау нәтижесіне сәйкес, қаңтар және шілде айларында сақтандырылмаған азаматтар санының артуы байқалады. Бұған жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін тұлғалардың алты айға алдын ала төлеген МӘМС жарналары мерзімінің аяқталуы әсер етеді.

— Сонымен қатар облыстағы мыңнан астам білім беру ұйымында 80 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Кейбір ұйымдарда ұзақ мерзімді еңбек демалысы кезінде қызметкерлер үшін МӘМС жарналарының уақытылы төленбеуі олардың сақтандырылған мәртебесінен айырылуына себеп болып отыр. Бұдан бөлек қызметкерлер туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерге дер кезінде енгізілмеуі және жеңілдік берілетін 14 санат бойынша деректердің уақтылы жаңартылмауы да сақтандыру мәртебесінің өзгеруіне ықпал етеді, — делінген хабарламада.

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда облыста жұмыспен қамтылмаған 177 413 азамат сақтандырылмаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13 059 адамға көп.

Сондай-ақ бірқатар ұйым 5 706 қызметкер үшін МӘМС жарналарын төлемеген. Мемлекеттік кірістер комитеті МӘМС бойынша берешекті өтеу мақсатында жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және мемлекеттік мекемелерге жеке кабинеттері арқылы хабарламалар жолдайды. Хабарлама жіберілгеннен кейін 30 күн ішінде берешек өтелмеген жағдайда, заңнамаға сәйкес есепшоттарға шектеу қойылуы мүмкін.

Бұған дейін Түркістан облысында 287 мыңнан астам адам МӘМС аясында сақтандырылмағаны туралы жазған едік