Бүгінде Түркістан облысында халықтың 95,8 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Дегенмен Сарыағаш және Келес аудандарында 22 мыңнан астам тұрғын әлі де тасымал суға тәуелді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірдегі 588 орталықтандырылған су жүйесінің 146-сы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатыр. Оның ең көбі Төлеби ауданында – 35, Түлкібаста – 34 және Сарыағашта – 23.
– Жылдың алғашқы алты айында қоршаған орта мониторингі барысында ауызсу сапасына зерттеу жүргізілді. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша алынған сынамалардың 7,2 пайызы талапқа сай келмейтіні анықталды. Мұндай жағдайлар Жетісай, Шардара аудандарында және Түркістан қаласында тіркелді. Ал микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сынамалардың 2,2 пайызы белгіленген нормаларға сәйкес келмеген. Бұл көрсеткіш Шардара, Сауран және Келес аудандарында жоғары, – делінген ведомство ақпаратында.
Сондай-ақ облыста 33 мектеп, 3 мектеп-интернат және 2 мектеп асханасының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Оның ішінде Келес ауданында – 11, Жетісайда – 7, Сарыағашта 5 мектеп бар. Департамент мәліметінше, аталған заң бұзушылықтар жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық жойылуы тиіс.
Бұдан бөлек қоғамдық тамақтану саласында бақылауда тұрған 1513 нысанның жартысына жуығында, яғни 714-інде тиісті рұқсат құжаттары жоқ. Әсіресе эпидемиологиялық маңызы жоғары тойханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының бірқатары санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқаны анықталған.
– Мемлекеттік тапсырыс аясында сауда орындарынан 908 өнім сынамасы сатып алынып, зерттелді. Оның 65-інен немесе 7,2 пайызынан техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік анықталды. Негізгі бұзушылықтар өнімнің таңбалануы мен микробиологиялық көрсеткіштеріне қатысты болды. Талапқа сәйкес келмейтін құс еті, дайын аспаздық өнімдер және жеңіл өнеркәсіп тауарлары саудадан алынды, – деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Бұған дейін Түркістанда адамдар сушидан уланған кафе қайтадан заңсыз жұмыс істегенін жазған едік.