Түркістан облысында 700-ден астам тік дренаж ұңғыма қалпына келтіріледі

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация мини стрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Түркістан облысында жердің мелиорациялық жағдайын жақсарту және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 734 тік дренаж ұңғыманы қалпына келтіру және жаңғырту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, жұмыстар Жетісай, Мақтаарал, Сауран және Шардара аудандарын қамтиды.

Ислам даму банкінің қолдауымен Жетісай ауданында 210, Шардара ауданында 302 ұңғымада құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ирригациялық және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші фазасы аясында Мақтаарал ауданында 150, ал Сауран ауданында 72 ұңғыманы реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар Ордабасы ауданында 11 және Отырар ауданында 42 ұңғыманы қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланған. Бұдан бөлек, 2020 жылы Түркістан филиалының қарамағына 57 тік дренаж ұңғыма берілген болатын. Бүгінде олардың 30-ы қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 10 ұңғыманы жөндеу аяқталады, қалған 17-сі келесі жылы қалпына келтіріледі.

Тік дренаж жүйелері жерасты суының деңгейін тұрақтандыруда, топырақтың қайта тұздану қаупін азайтуда және суармалы жерлердің жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады.

- Соңғы жылдары Түркістан облысындағы жерлердің мелиорациялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде тік дренаждың маңызы айтарлықтай артты. Осыған байланысты өңірде дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар су ресурстарын ұтымды пайдалануға және аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағытталған. Қазіргі уақытта облыстың Жетісай, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында 380 тік дренаж ұңғыма жұмыс істейді, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Осыған дейін Су ресурстары саласында ҮЕҰ-мен ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа кеңес құрылғаны туралы жаздық.