Түркістан облысында 790 грамм салмақпен туған сәби үйіне шығарылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында небәрі 790 грамм салмақпен дүниеге келген сәби 69 тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болды.

Фото: Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы

Қазығұрт ауданының тұрғыны Жайна Искакова жүктіліктің 27 аптасы 2 күнінде № 1 облыстық перинаталдық орталығына ауыр жағдайда түскен.

Дәрігерлер анасына ауыр дәрежелі преэклампсия, плацентаның толық жатуы және жатырдағы бұрынғы екі операциядан кейінгі тыртық диагноздарын қойып, оны тұрақты медициналық бақылауға алған.

— Медициналық көрсеткіштерге байланысты 2026 жылғы 27 маусымда мерзімінен бұрын босандыру туралы шешім қабылданып, салмағы 790 грамм, бойы 34 сантиметр болатын ер бала дүниеге келді, — делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Нәрестеге Айбын есімі берілді. Ол 69 тәулік бойы перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлерінің тәулік бойғы бақылауында болып, қажетті ем мен медициналық көмек алды.

3 қыркүйекте сәбидің салмағы 2100 грамға жетіп, денсаулық жағдайы тұрақтанған соң үйіне шығарылып, анасымен қауышты.

Бұған дейін Түркістанда 41 жастағы әйел үшемді дүниеге әкелгенін жазған едік.