Түркістан облысында 86 отбасы АӘК-ті заңсыз алып, мемлекетке 17 млн теңге шығын келтірген

Фото: Еңбек министрлігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының прокуратурасы 86 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып, мемлекетке 17 млн теңге шығын келтіргенін анықтады.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 91 мың адам, соңғы үш жылда бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендегені байқалады (2023 ж. – 168 мың адам, 2024 ж. – 97 мың адам).

Алайда талдау нәтижесінде, жоғарыда көрсетілген жекелеген отбасылар өтініш берген кезде бір мекенжайды көрсеткендері белгілі болды.

Одан бөлек, 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар жасалып, 9,7 млн теңге заңсыз төленген. Сондай-ақ 22 отбасы өздерінің меншігіндегі мүлікті (автокөлік, жер учаскесі және т.б.) жасырған, ал 13 отбасы табысын көрсетпеген.

Аталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлар әкімдікке заңдылықты бұзушылықтарды жою және 36 млн теңгеден астам қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізді. Бүгінгі таңда әкімдік актіні қарау барысында заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Айта кетейік, АӘК алушылар азық-түлікті цифрлық ваучер арқылы төмен бағамен сатып алады.