Түркістан облысында 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 119 мың тоннаны құрайтын 9 мұнай сақтау қоймасы және 380 жанармай құю бекеті жұмыс істейді.

Фото: Freepik

- 2025 жылдың 16 қазанынан бастап бағаны тұрақтандыру мақсатында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Жанармай тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақтандыру бойынша облыс көлемінде арнайы жұмысшы топтар құрылып, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталып, баға қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізілуде. Жыл басынан мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 247 факт анықталып, 10,4 млн теңгеге айыппұл салынды, - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратта.

Бүгінде Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензиннің 12 507 тонна, АИ-95 маркалы бензиннің 1 296 тонна, дизельдік отынның 11 356 тонна қоры бар. Өңірдегі жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны еркін босатылуда, тапшылық жоқ.

Сондай-ақ, 2025 жылдың IV тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 32505 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінген. Атап айтқанда, қазан айына – 9 972 тонна, қараша айына – 11 880 тонна, желтоқсан айына – 12 600 тонна. Облыста сұйытылған мұнай газ таратумен 50 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Ал газ құю станцияларының саны – 314. Өңірде сұйытылған мұнай газының бағасы 1 литрі 102-107 теңгені құрайды.

Осы жылдың 15 қазанынан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты, барлық облыстарда газ тапшылығы болды. Салдарынан облыстың газ тұтыну көлемі тәулігіне 450-500 тоннаны құраса, облысқа зауыттан шығатын газ көлемі 250-300 тоннаға дейін төмендеген.

Бұдан бұрын Түркістан облысында жанар-жағармай бекеті өртенгенін жазған едік.