Түркістан облысында 900-ге жуық баланың ата-анасы екпе салудан бас тартқан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында балаларын жоспарлы вакцинадан өткізуден бас тартқан ата-аналардың саны артып отыр. Биыл өңірде мұндай 869 жағдай тіркелген.

Фото: Freepik

Түркістан облысының санитариялық эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, өңірде жұқпалы аурулардың алдын алу және халық денсаулығын қорғау мақсатында жоспарлы иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекцияға қарсы профилактикалық екпелер республикалық және жергілікті бюджет есебінен тегін жүргізіледі. Жоспарлы вакцинация балалардың белгілі бір жас топтарын қамтиды. Сондай-ақ кейбір инфекцияларға қарсы ересектер әр 10 жыл сайын қайта егілуі тиіс, – деді спикер.

Ресми мәліметке сәйкес, өңірде өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан қызылшаға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық ахуал биыл да сақталған. Былтыр облыста қызылшамен ауырған 25 жағдай тіркелсе, олардың барлығы балалар арасында анықталған. Ал биыл сырқаттанушылар саны 47-ге жеткен. Ауырғандардың көбі екпе алмаған тұрғындар.

Департамент басшысы санитарлық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, ата-аналардың вакцинадан бас тарту көрсеткіші төмендемей отырғанын айтты.

– Өткен жылы облыста 14 жасқа дейінгі балалар арасында екпеден бас тартудың 750-ге жуық жағдайы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 869-ға жетті. Мұндай жағдайда мамандар ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда екпеден бас тарту жағдайлары әлі де көп, – деді Нұрбек Нышанов.

Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта көкжөтел, А вирусты гепатиті және полиомиелит ауруларының тіркелу қаупі жоғары. Облыста жыл сайын 14 жасқа дейінгі 190 мың бала түрлі жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы екпе алады. Барлық бала тіркелген емдеу мекемелері арқылы есепке алынған. Жалпы вакцинация ата-анасының келісімімен ғана жүргізіледі.

Бұдан бұрын ШҚО-да жыл басынан бері 100-ден астам адам вакцина салдырудан бас тартқаны туралы жазған едік.