Түркістан облысында ағын су тапшылығын еңсеру шаралары күшейтіліп жатыр

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың мұң-мұқтажын жедел естіп, тиімді әрекет ететін билік жүйесін қалыптастыруды тапсырған болатын. Су қауіпсіздігін ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл салада кеш қалмау қажеттігін де бірнеше рет атап өткен еді. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар осы тапсырмалардың нақты орындалып жатқанын айғақтайды.

Ағын су – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Түркістан облысында биылғы вегетациялық маусым жауын-шашынның аздығынан күрделі жағдаймен басталғанымен, әкімдік тарапынан қолға алынған жүйелі шаралар өңірдегі суару жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысында егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейттті. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 890 мың гектарға егілді, оның 552 мың гектары – суармалы алқаптар. Егістікке қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысына сәйкес босатылып отыр. Вегетациялық кезең басталғаннан бастап суды реттеу аудан әкімдіктері мен шаруалар арасындағы келісім негізінде арнайы кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Облысқа жыл сайын 4,8 млрд текше метр су қажет. Алайда биыл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су қорының 30%-ға дейін қысқару қаупі бар. Бұл әсіресе облыстың оңтүстік аймақтарында – Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілуі мүмкін. Су көздерінің басым бөлігі көрші мемлекеттер аумағынан келетінін ескерсек, трансшекаралық тәуелділік жағдайды күрделендіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерте қамдану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар – осы тапсырманың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Жағдайды тұрақтандыруға арналған нақты қадамдар жүзеге асып жатыр. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» суқоймалары салынуда. Бұл «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн м³ су жеткізуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізілмек. Жоспарланған межеден асып, 59 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазірдің өзінде 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған. Машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су берілуде. Бұл «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 м³/сек) ішінара теңгеруге бағытталған.

Сонымен қатар 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл су жүйелерінің тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге сеп болады. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек.

Ағын суды заңсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыстағы су нысандарына тұрақты тексеру жүргізіп, осы күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұл салған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Биылғы маусымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысы ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалануда жүйелі шаралар атқарып жатыр. Су инфрақұрылымдарын жаңарту, үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің агросекторы ағын су тапшылығын еңсеруге қауқарлы болып отыр.