Түркістан облысында алаяқтық жасаған тұрғын қаржыны құмар ойынға жұмсаған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Сайрам ауданында алаяқтықпен айналысқан тұрғын ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, жұмыссыз ер адам азаматтарға «емтихансыз жүргізуші куәлігін алып беремін» деп уәде берген. Ол әр жәбірленушіден алдын ала 230 мың теңге алып, ақшаны жеке қажетіне жаратқан.
Тәртіп сақшылары күдіктінің осы тектес 19 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады. Жалпы келтірілген шығын көлемі 4 миллион теңгеге жуықтаған.
– Ер адам алған қаржыны құмар ойынға жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, – делінген ведомство таратқан ресми ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте онлайн ойын сатып алмақ болған оқушы алаяқтардың құрбаны болғанын жазған болатынбыз. Ол анасының банк картасындағы деректерді бөгде адамға жолдап, нәтижесінде 2 миллион теңгеден астам қаржыдан айырылды.