Түркістан облысында аптап ыстыққа байланысты жол қызметі күшейтілген режимге көшті

АСТАНА.KAZINFORM - Түркістан облысында республикалық маңызы бар KAZ-06 «РФ шекарасы (Жайсан) – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы)» автомобиль жолында цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.

Фото: ҚазАвтожол

Бұған дейін «Қазгидромет» РМК өңірде ауа температурасының 44 °C-қа дейін көтерілуі мүмкін екені туралы ескерту жариялаған болатын.

16 шілде күні сағат 18:00 шамасында Шымкент – Түркістан бағытын жоспарлы патрульдеу барысында «ҚАЖсервис» ЖШС Түркістан облыстық филиалының №68 жол пайдалану учаскесінің мамандары жолдың 2243-шақырымында цементбетон жабынының жергілікті температуралық деформациясын дер кезінде анықтады. Оқиға орны бірден қоршалып, уақытша жол белгілері орнатылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданды.

Қазіргі уақытта учаскеде жол қызметтері жұмыс жүргізіп жатыр.

Фото: ҚазАвтоЖол

Арнайы техника жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жолдағы ақауды қысқа мерзімде жойып, көлік қозғалысын толық қалпына келтіру үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр.

Айта кету керек, ұзақ уақытқа созылған аптап ыстық кезінде цементбетон жабынына үлкен температуралық жүктеме түседі. Ауа температурасы 40 °C-тан асқанда жол жабынының температурасы 60… 70 °C-қа дейін, ал көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде одан да жоғары көтерілуі мүмкін.

Соның салдарынан бетон плиталары кеңейіп, олардың ішінде кернеу пайда болады. Мұндай жағдайлар әлемнің көптеген елінде ыстық кезеңде кездесетін табиғи пайдалану ерекшелігі болып саналады.

Қазіржол қызметтері цементбетон жабыны бар автомобиль жолдарына күшейтілген бақылау жүргізіп, тәулік бойы мониторинг жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қазақстанда ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты цементбетон жабындары бар автомобиль жолдарында температуралық деформациялар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мәлімдеді.