Түркістан облысында аптап ыстықта қайда шомылуға болады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Суға түсу маусымы басталмай жатып, облыс бойынша 30 адамның суға кету дерегі тіркеліп отыр. Оның ішінде 13 жасөспірім бар.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ең көп қайғылы оқиғалар Ордабасы ауданында тіркелген. Мұнда 7 адам суға кеткен. Одан кейін Сарыағашта – 5, Шардара мен Қазығұртта – 4, Келесте – 3, Жетісай мен Отырарда – 2, Бәйдібек, Түлкібас, Сайрамда – 1 жағдайдан тіркелген.
Анықталған деректерге сүйенсек, екі жасөспірім рұқсат етілмеген жерлерде шомылып, Шардара су қоймасы мен Боралдай өзенінде көз жұмған.
ТЖД мамандары жыл басынан бері 742 рет рейд жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 53 жеке тұлғаға 729 386 теңге көлемінде айыппұл салған.
Жалпы, өңірдегі арнайы шомылу орындарының аздығы ең үлкен мәселелердің бірі айналып отыр. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қосымша 14 шомылатын арнайы жағажай іске қосылған. Дегенмен, бұл 2 млн-нан астам халқы бар облыс үшін аздық етері анық. Сондықтан биыл шомылуға арналған ашық жағажайлардың санын көбейту жоспарланып отыр. Мәселен, өңірде шомылуға арналған 27 орын белгіленген. Ал, биыл шомылу орны 70-ке жеткізілмек.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде балаларды және көп балалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында меморандум жасалып жатыр.
Қауіпсіз шомылу үшін рұқсат етілген орындар тізімі
- Арыс өзені (Арыс қаласы мен Отырар ауданындағы өзен жағасы)
- Көксарай шипажайы (Арыс қаласында орналасқан жағажай және емдік сауықтыру орны)
- Сырдария өзені (Арыс қаласы, Шардара, Келес, Отырар аудандарының аумағындағы жабайы суға шомылу орны)
- Шардара су қоймасы («Күміс жағажайы» демалыс аймағы)
- Шардара су қоймасы («Алтын жағажай» демалыс аймағы)
- Шардара су қоймасы (Демалыс аймағы)
- Қасқасу өзені («Көктөбе» демалыс орны)
- Біркөлік тау өзені («Маяк» демалыс орны)
- Біркөлік тау өзені («Нұрлы аймақ» демалыс орны)
- Біркөлік тау өзені («Бастау» демалыс орны)
- Біркөлік тау өзені («Жақсы көрем» демалыс орны)
- Ақмешіт тау өзені («Жерұйық» демалыс орны)
- Ақмешіт тау өзені («Шипа бұлақ» демалыс орны)
- Сайрамсу өзені («EcoV и Iiage» «Kaskasu» демалыс орны)
- Машат өзені («ДиА» демалыс орны)
- Машат өзені («Ақ шатыр» демалыс орны)
- Машат өзені («Бес-Арыс» демалыс орны)
- Машат өзені («Машат» демалыс орны)
- Боралдай өзені (Бәйдібек ауданы аумағындағы өзен жағасы)
- Қошқар ата өзені (Бәйдібек ауданы аумағындағы өзен жағасы)
- Қосқорған су қоймасы (Кентау қаласы, Қарнақ ауылы, Құсшыата елді мекені аумағындағы су қоймасының жағасы)
- «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасы (Су қоймасының жағасы)
- Түркістан туристік-рекреациялық орталығындағы жасанды көл (Шаға)
- Түркістан қаласындағы ескек есу каналы
- «Жетікөл» көлдер жүйесі
- Әкімшілік іскерлік орталықта орналасқан қалалық саябақтағы «жасанды көл»
- Бірінші Президент саябағындағы «Жасанды су қоймасы»
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары суға түсу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қай жерде суға түсуге болатындығын жазған болатынбыз.