Бұл мектеп-интернат 1954 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат 180 орынға арналған. 2025-2026 оқу жылында мұнда 155 оқушы білім алған.
Сайрам аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мектеп ғимараты қолданысқа берілгеннен бері күрделі жөндеуден өтпеген. Білім ошағында есіктер, жиһаздар ескірген, жатақхана қабырғаларында жарықтар пайда болған. Сондай-ақ асхана барлық оқушыны бір мезгілде тамақтандыруға бейімделмеген.
Қазір мектеп-интернатта әлеуметтік қолдауды қажет ететін, аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар білім алып, тәрбиеленеді.
– Ғимараттың жағдайын ескере отырып, ауыл тұрғындары өз бастамасымен және демеушілік қаражат есебінен жаңа ғимарат құрылысын бастаған. Алайда құрылыс асар жолымен жүргізілгендіктен, оны бастауға және жүргізуге қажетті құжаттардың ресімделмегені анықталды, – делінген аудандық білім бөлімі ұсынған ақпаратта.
Таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаевтың Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында аталған құрылысты заңдастыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.
Құзырлы органдардың қорытындысы ұсынылғаннан кейін құрылысты одан әрі жалғастыру мәселесі қаралады.
Бұған дейін Түркістан облысында қайтарылған активтер есебінен 30 әлеуметтік нысан салынып жатқаны туралы жазған едік.