Түркістан облысында полиция күн райына байланысты күшейтілген қызметке көшті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда Алматы-Ташкент-Термез халықаралық автожолы жабық.

Фото: Түркістан облысы ПД

Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, таулы аймақтарында ақ түтек боран болуда. Соның салдарынан қала мен ауылдар арасын жалғайтын жолдар жабылып жатыр. Кешегі күннен бастап облыстың тәртіп сақшылары да күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Жол апаттарын болдырмау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда тәулік бойы қызмет атқаруда.

Фото: Түркістан облысы ПД

«Түннен бері облыстың басым аумақтарында қар жауып, соңы қатты желге ұласты. «Самара – Шымкент» М-32 республикалық маңызы бар жолының 2055-1802 шақырымындағы учаскесінде қозғалыс шектелді. Ал, түнгі уақыттан бастап сол жолда 22 техника жұмыс істеп, қардан тазартты. Қазіргі таңда аталған аймақтағы жол ашық. Полицейлер жүргізушілерге жағдайды түсіндіріп, жолдан өткізуде. Қазіргі таңда Түлкібас ауданы Шақпақ баба мен Жамбыл облысының шекарасындағы республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез халықаралық автожолы жабық. Осыған байланысты облыс тұрғындарын аса қажет болмаса жолға шықпауларын сұранамыз!» - деді Түркістан облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.