Түркістан облысында ауыл мектебінің ұстаздары мен оқушылары әр жұма сайын ұлттық киім киеді

Фото: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Алдағы уақытта білім ордасының басшылығы ұлттық құндылықтарға негізделген бұл үрдісті күнделікті сабаққа енгізбек.

Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында орналасқан «Зейін ашу» бастауыш мектебінің ұжымы тың жобаны қолға алды. Яғни, мұндағы ұстаздар мен оқушылар әр жұма сайын мектепке ұлттық киіммен барады. Балалар бастарына оюлы тақия мен үстеріне көк түсті жакет, ал қыздар үкісі бар сәукеле мен камзол киеді. Мұғалімдер де заманауи стильде тігілген оюлы киімдермен сабақ өтеді.

Мектеп басшылығы қолға алған жобаның аясында 200 балаға бірдей етіп арнайы киім тіктірілген. Алдағы уақытта білім ордасы ұлттық құндылықтарға негізделген бұл үрдісті күнделікті сабаққа енгізбек.

Фото: Kazinform

«Келесі жылы жаңа ғимаратқа көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Сол кезде оқушыларымыз күнделікті сабаққа ұлттық киіммен келетін болады. Сабақ арасындағы қоңырауларға да қазақша күй қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны ата-аналарда қолдауда» - деді мектеп директоры Гүлжазира Қарабекова.

Өткен жылы ашылған мектеп 150 оқушыға лайықтап салынған. Биыл мұнда екі ауысымда 220 бала білім алып жатыр. Оқу ордасы бастауыш мектеп болса да оқушыларды ғылыми жобаға дайындайды. Балалардың жан-жақты дамуы үшін ақысыз түрде қосымша сабақтар өтеді. Одан бөлек, оқушылар бос уақытында, хореография, таэквандо, шахмат, көркем сөз оқу секілді қосымша үйірмелерге тегін қатысады.

Фото: Kazinform

«Бұл жеке меншік мектеп болғанымен, оқушылар тегін оқиды. Тегін үйірмелерге қатысады. Үйлерінен мектепке алып келу, қайта алып барып тастау тасымалы да тегін. Құрылтайшымыздың демеушілігі есебінен бір мезгіл ыстық тамақ беріп жатырмыз» - деді Гүлжазира Қарабекова.