Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында тың жобалар жүзеге асады

Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелердің шешілу барысын Kazinform тілшісі Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлынан сұрап білді.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

- Ермек Кенжеханұлы, өңірдегі мақташыларды мазалап отырған жағдайдың бірі - мақта бағасы. Жалпы бұл мәселе өңірде қалай шешіліп жатыр?

- Иә, дұрыс айтасыз, бұл - өңірдегі өзекті мәселенің бірі. Жалпы, Түркістан облысы Республикада мақта дақылын өсіретін бірден-бір өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар, оларда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты логистикалық желілердің бұзылуынан, шетелдік компаниялардың қазақстандық мақта нарығына сұранысының болмауынан әлі күнге дейін 8 мың тонна мақта талшығы зауыттарда сақтаулы тұр.

Биыл да мақта нарығына шетелдік компаниялардың қызығушылығының төмендігінен, мақта өңдеу зауыттары шитті мақтаның тоннасын 220-250 мың теңгеден қабылдап жатыр.

Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді. Сондықтан жыл сайын құбылмалы болып келеді. Өзекті мәселені шешудің негізгі жолы - елімізде тоқыма, тігін фабрикаларын және жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту. Бүгінде бұл бағытта бірнеше жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Фото: Kazinform

- Жалпы өңірдегі шаруаларға қажетті қысқы мал азығы толық дайындалды ма?

- Жыл сайын мал басының ұлғаюына орай, жем-шөпке сұраныс та артып келеді. Соған сәйкес, егіс құрылымын қалыптастыруда малға азықтық дақылдарға басымдылық берілуде. Малға азықтық дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 2,1 мың га артып, 223,7 мың га орналастырылды. Бұл жалпы егіс көлемінің 26% құрайды.

Биыл мал қыстату науқанына қажетті 4,3 млн. тонна ірі сояулы мал азығы дайындалды. 273,4 мың гектарға егілген астықтың гектар түсімділігі 18,0 центнерді құрап, 492 мың тонна өнім жиналды. Егіс алқаптарынан мал қыстату науқанына қажетті 300,1 мың тонна сабан және бидай, арпа қалдықтарынан 89,4 мың тонна пішендеме дайындалды.

1,5 жылдық азықтық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 1,7 млн. тонна – жоңышқа, 1,9 млн. тонна - табиғи шөп, 22,4 мың тонна – сүрлем жиналды. Сонымен қатар, тауар өндірушілер арқылы өзге облыстардан 399,3 мың тонна мал азығы сатып алынды.

Фото: Kazinform

- Суармалы судың мәселесін шешуде қандай жобаларды қолға алып отырсыздар?

- Биыл облыс аумағында ағын су ысырабын азайту мақсатында маңыздылығы жоғары коммуналдық меншіктегі жалпы ұзындығы 131 шақырымды құрайтын 15 су нысанына күрделі жөндеу, 5 су нысанына ағымдағы жөндеу және жалпы ұзындығы 677,6 шақырымды құрайтын 39 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Облыс аумағында ағын су тапшылығын шешу мақсатында, жаңадан «Кеңсай - Қосқорған – 2» су қоймасы салынды. Нәтижесінде, жылына 31,0 млн.м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.

Сонымен қатар, Боралдай өзенінің бойынан «Боралдай» су қоймасын салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған жоба толық іске асқан жағдайда вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 130 млн.м3 су тасталып, Түркістан өңіріне ағын су кепілді түрде жеткізілетін болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Фото: Kazinform