Түркістан облысында «Ауылдағы бір күнім» жобасы өтіп жатыр

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Түркістан облысында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Ауылдағы бір күнім» байқауы басталды. Оған 13 команда қатысады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жобаның басты мақсаты — жастар арасында қазақтың төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттау, рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту. 

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

«Байқау Қазығұрт ауданындағы тұмса табиғат аясында өтіп жатыр. Қатысушыларға әсерлі болуы үшін, этно-ауыл құрылды. Жігіттер садақ ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарда бақ сынайды. Қыздар аспаздық қабілеттерін көрсетеді. Олар құрт пен ет қамырын жайып, үлкендердің бағасын алады», — делінген хабарламада.

Соңғы кезеңде зияткерлік ойын ұйымдастырылады, сайысқа қатысушыларға Қазақстанның мәдениеті мен тарихы туралы сұрақтар қойылады.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Жүлдегер командалар ақшалай сыйлықтарға ие болады. Айта кетейік, «Ауылдағы бір күнім» байқауы алғаш рет 2023 жылы өтті.