Түркістан облысында бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдар шығарылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында Түркістан облысында «Шағын өндірістік парк» жобасы қолға алынды. Онда 238 гектар аумақта 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров айтып берді.
Әкімнің айтуынша, негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик бұйымдары, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалған.
— Жоба аясында 248 ғимарат салып, 5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі уақытта 40 ғимарат салынып, 32 жоба іске қосылды. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын өндірістер ашылды.
— Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады, — дейді облыс әкімі.
Жалпы биылғы 10 айда облыстағы өнеркәсіп өнімі көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады. Өсім қарқыны бойынша республикада алғашқы бестікке енген.
Айта кетейік, Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатқанын айтқан еді.