Түркістан облысында биыл 120 мыңға жуық жұмыс орны құрылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысы әкімімен бекітілген «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» бойынша биыл 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Аталған жоба аясында жыл басынан бері 68,5 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Оның ішінде 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 37,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Өңірдегі 1500 жұмыссыз ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар бойынша жұмысқа тұрса, 320 адам жеке инвестициялық жобалар бойынша жұмыс тапқан. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 1783 адам грант алып, өз кәсіптерін бастап отыр.

Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

«Жыл басынан бері 5 388 адам грант алуға өтінім білдірді. Комиссия шешіміне сәйкес 1 783 тұрғынға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілді. Бір орынға 3 адамнан түсті. Бірінші лекте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 7 аудан, қалаға пилоттық жобаларды жүзеге асыру мақсатында 120 грант беру жоспарланған болатын. Сол кезде нақты 95 адам қайтарымсыз қаржы алды. Ал, екінші кезең шілде айында өтті. Оның ішінде пилоттық жоба бойынша Сайрам ауданы мен Түркістан қаласындағы 25 адамға грант берілді», - деді басқарма басшысы. 

Түркістан облысында көп балалы отбасылар саны 185 690 адамды немесе республиканың барлық көп балалы аналарының төрттен бір бөлігін құрайды. Сондықтан өңірде аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендетуге бағытталған жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Жалпы өңірде кедейлік деңгейін 5,5%-ға дейін немесе 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға төмендету межеленіп отыр.

Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

«Биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 9,6 млрд.теңге бөлінді. Сондай-ақ, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің 2024 жылға тоқсан сайынғы жоспары бекітілді. Жыл басынан бері 14 160 отбасыға немесе 84 860 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Яғни, көрсеткіш 19 563 адамға төмендеп отыр. Аз қамтылған азаматтардың үлесі жалпы облыс халқының 4 пайызын құрайды. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 61 224 адамға немесе 41,9 пайызға төмендеді», - деді Әсия Темірбаева.

Бүгінгі күні өңірде 97 280 мүгедектігі бар азамат есепте тұрады. «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтарды орындау мақсатында өткен жылы 607 нысан бейімдеу шараларымен қамтылған. Бұл мақсатта 154,7 млн. теңге қаралып отыр. Алайда, жергілікті бюджет есебінен қаржы мүлдем қарамаған немесе қаралған қаржы көлемі мардымсыз бірқатар аудандарда бар. Сала мамандарының айтуынша, бұл өз кезегінде бейімдеу жұмыстарын сапалы орындауға кері әсерін тигізеді.

«Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған 12 орталық бар. Оның ішінде, 4 стационарлық үлгідегі және 6 жартылай стационарлық үлгідегі мекемелер және «Ардагерлер үйі» КММ мен «Арнаулы кәсіптік колледжі» КММ жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1 064 адам басқармаға бағынысты орталықтарда әлеуметтік қызмет алды» - деді Әсия Темірбаева.

Бүгінде өңірде 200 орындық ересек мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы және 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, «№ 6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-сі құрылып, жұмысын бастауда. Жеке кәсіпкер есебінен аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтар құру жобасы да іске қосылмақ.