Түркістан облысында биыл 3 мыңнан астам азамат әскерге шақырылады

Фото: gov.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында 18 және 27 жас аралығындағы азаматтарды көктемгі әскерге шақыру науқаны 2026 жылдың 1 наурызынан басталады. 

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, 2025 жылы көктемгі және күзгі шақыру науқандары жоспарлы түрде өткен. Былтыр облыстан 5 мыңнан астам жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.

Ал биыл өңірден 3 мыңнан астам әскерге шақырылушыны Қарулы күштер мен өзге де әскери құрылымдар қатарына жіберу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қалалық және аудандық жергілікті әскери басқару органдары шақырылушыларды зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Бүгінде әскер қатарында қызмет етуге ниетті жастар аз емес. Бірі Отанды қорғауды азаматтық парызым деп білсе, енді бірі әскери қызметтің әлеуметтік жеңілдіктері мен мүмкіндіктерін ескереді. Оқу орталықтарында әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан өткен азаматтарға мемлекеттік үлгідегі куәліктер беріледі. Әскерге шақыру науқаны барынша ашық әрі қолайлы форматта ұйымдастырылған. Шақырылушыларға жеке шақыру қағаздары жіберіліп, сондай-ақ 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолданады, — деп мәлім етті департамент өкілдері.

Ведомствоның мәлімдеуінше, мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарға жоғары білім алу барысында бірнеше жеңілдік қарастырылған.

— Мерзімді әскери қызметтен кейінгі 2 жыл ішінде ҰБТ-ны есепке алмай, тек әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Ең лайықты әскери қызметшілер ЖОО-дардың гранттары есебінен тегін жоғары білім (оның ішінде жоғары білімнен кейінгі білім) ала алады. Сондай-ақ емтихансыз грант негізінде ЖОО-ның әскери кафедрасына түсуге болады, бұл офицер атағын алу үшін арналған. Қызметте ең үздік көрсеткішке жеткен әскери қызметшілер емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдана алады, — делінген департаменттің ұсынған ақпаратында.

Бұдан бұрын әскерге шақыру толық автоматтандырылатынын жазған едік.