Түркістан облысында биыл 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артып отыр. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа барады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
Жалпы Түркістан облысында 300-ден астам білім беру ұйымында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 193 мектеп пен балабақша бар. Бұдан бөлек, 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Оның 5-еуі жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде
«Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалған болатын. Қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіріп жатыр. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», - деді Жандос Маханбетов.
Спикердің сөзінше 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа баратын 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.