Түркістан облысында биыл қанша қасқыр мен шибөріні атуға рұқсат берілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өткен жылғы санақ қорытындысы бойынша облыс аумағында қасқыр саны — 609, ал шибөрі 4051-ге жеткен. 

Фото: Pixabay.com

Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бахыт Мусалиевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығына арналған биологиялық негіздеме жобасына сәйкес, өңірде 243 қасқырды, 2025 шибөріні атуға рұқсат берілген.

— Аумақтық инспекцияға «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» мемлекеттік қызметі бойынша жеке тұлғалардан 2781 өтініш түсті. Оның ішінде 1446 өтінім бойынша қасқыр мен шибөрі санын реттеуге рұқсат берілді. Ал 1335 өтінімге дәлелді бас тарту жасалды, — деді спикер.

Түз тағыларының санын реттеу жұмыстары әкімдіктерге қарасты бос жерлер мен резервтік аңшылық алқаптарда еркін түрде, сондай-ақ бекітілген аңшылық шаруашылық учаскелерінде иелерінің келісімімен жүргізіледі.

Қасқыр мен шибөріні аулау қызметі толығымен (www.elicense.kz веб-порталы) автоматтандырылған. Аталған мемлекеттік қызмет электрондық форматта адам қатысуынсыз көрсетіледі.

Еске сала кетсек, ауылдық жерлерде жыртқыштардың шабуыл жасау жайттары тіркеліп тұрады. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданында жайылымдағы малға қасқыр шапты

Сондай-ақ Отырар ауданында шибөрі ауыл ішіне кіріп, үш адамды жарақаттады