Түркістан облысына жұмыс сапарының алғашқы күні Нұржан Нұржігітов жергілікті шаруалардың, Қазсушар мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан филиалы басшылығының және Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің қатысуымен су шаруашылығы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Министр спикерлердің баяндамаларын тыңдаған соң кеңеске қатысушылармен суды жинау, үнемдеу және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша алдағы уақытта іске асырылатын іс-шараларды талқылады.
Мәселен, биыл облыста суарудың озық жүйелерін пайдалану аумағын 54,3 мың гектарға дейін жеткізу үшін 22 мың гектар ауылшаруашылық жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. 1406 шаруа қожалығы тиісті жұмысқа кірісті.
«Су үнемдеу технологияларын енгізу үшін қажеттінің бәрі бар. Алайда жұмысты сапалы ұйымдастыру қажет. Министрлік, «Қазсушар», жергілікті атқарушы органдар мен бизнес бірлесіп әрекет етуі тиіс. Тек сол кезде ғана Мемлекет басшысының жылына 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу туралы тапсырмасын орындай аламыз. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, бірақ су үнемдейтін жүйелерді енгізу қарқынын арттырып, түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Одан кейін министр BNK Group компаниясының табиғи жауын-шашынды имитациялай отырып, суару алаңына ылғалды біркелкі таратуға мүмкіндік беретін жаңбырлатып суару жүйелерін шығаратын алғашқы қазақстандық зауытқа барды. Нұржан Нұржігітов зауыт цехтарын аралап, өнімнің техникалық сипаттамаларымен және кәсіпорын жоспарларымен танысты. BNK Group жыл соңына дейін тамшылатып суару (суды тікелей өсімдік тамырына жеткізу) жүйелерін шығаруды бастайды.
Түркістан облысының Шардара ауданындағы зауыттың жұмысымен танысқаннан кейін министр Сырдария өзеніне жерасты суларын жіберу үшін қолға алынған Батыс коллекторын реконструкциялау барысымен танысты. Жоба аяқталуға жақын. Нұржан Нұржігітов нысанды суару маусымы басталғанға дейін қолданысқа беруді тапсырды.
Одан кейін министр Жаушықұм ауылында сорғы станцияларын салу жұмысының барысымен танысты. Бастапқыда жоба суармалы жерлердің көлемін 12 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланған болатын. Алайда, құрылыс көп жыл бойы тұралап қалды. Нұржан Нұржігітов жоба бойынша түпкілікті шешім қабылдайтын уақыты келгенін айтты. Ол үшін мұнда Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары келіп, ұзаққа созылған құрылысты жалғастырудың қажеттілігі бар-жоғын анықтайды.
Одан әрі министрдің Түркістан облысының Шардара, Жетісай және Мақтарал аудандарының шаруаларымен кездесуі жоспарланған.