Түркістан облысында бір сыныпта оқитын 6 егіз мектеп бітіріп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Келес ауданында орналасқан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы № 2 мектеп-гимназиясын биыл 100 түлек бітіреді. Оның ішінде бір сыныпта оқитын 6 егіз оқушы бар. 

Фото: Келес ауданы әкімдігі

Ақылбек пен Асылбек, Батпа мен Зәуре, Аяужан мен Аружан есімді жас түлектер оқуда да озат.

Мәселен, Данабай Ақылбек «Алтын белгіге», Данабай Асылбек «үздік аттестатқа» үміткер.

Фото: Келес ауданы әкімдігі

Жігіттердің анасы Жанар Арынова мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.

Ал көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан Батпа тігін цехын ашқысы келсе, Зәуре сұлулық салонында жұмыс істеуді мақсат етіп отыр.

Фото: Келес ауданы әкімдігі

Аружан мен Аяужан болса бірдей заң саласында қызмет ету үшін «Тарих», «Құқық» секілді пәндерді таңдаған. 

«Жалпы мектепте білім алып жатқан егіздердің білімі де тәрбиесі де өте жақсы. Өздері өте белсенді. Қоғамдық жұмыстан да қалмай қатысып жүреді. Мен түлектеріммен мақтанатын ұстазбын», -дейді сынып жетекшісі Ләззат Анарқұлқызы. 

Фото: Келес ауданы әкімдігі

Биыл Келес ауданы бойынша 2000-нан астам бітіруші түлек үлкен өмір жолына қадам басқалы отыр.

Соның ішінде 89 оқушы «Алтын белгіге» және 144 оқушы «үздік аттестатқа» үміткер.