Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау және мониторинг жұмыстары барысында бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаған мемлекеттік органдар анықталған. Мәселен, білім беру саласында жалпы 25 млн теңге қаржы заңсыз аударылған. Ал, Түркістан қалалық білім бөлімі 13,2 млн теңге, Жетісай аудандық білім бөлімі 11,1 млн теңгегі бюджетке кері қайтарған. Сондай-ақ, 437,7 млн теңге болатын бюджет қаражатын жымқыру белгілерімен сотқа дейінгі 6 тергеп-тексеру ісі тіркеліп отыр.
«Талдау нәтижесімен берілген ұсынымдар негізінде, Білім басқармасы білім беру объектілері бойынша бюджеттің негізсіз қалыптастырған 22,6 млрд теңгесін қысқартты. Үнемделген қаржы бірінші кезектегі Үкіметтен берілген тапсырмаларды орындауға бағытталды. Бұл қаржы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыру, жылыту жүйесін газға көшіру, мектеп парталарын, тақталарды, мектепке дейінгі ұйымдарға жиһаз сатып алу және білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарына жолданды» - деді Мұрат Төлеубаев.