Түркістан облысында екі айда 7 келіден астам есірткі тәркіленді

Фото: Polisia.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста 4 есірткі сату, 4 контрабанда және 2 аса ірі көлемде сақтау фактісі тіркелді. 

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жылдың алғашқы екі айында өңірде есірткі қылмысы бойынша 80-ге жуық құқық бұзушылық анықталған.

— Оның ішінде 10 қылмыстық және 68 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, 4 есірткі сату, 4 контрабанда және 2 аса ірі көлемде сақтау дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 7 келіден астам есірткі тәркіленді, басым бөлігі — каннабис өнімдері, — делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ профилактика бағытында 350-ден астам түсіндіру іс-шарасы жүргізіліп, 33 мыңнан астам азамат қамтылды.

— Интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 224 сайт бұғатталып, «Анти-фрод» жүйесі арқылы 454 күмәнді банк картасы анықталды. Жедел-профилактикалық жұмыстар барысында 160 рейд өткізіліп, 235 есірткі жарнамасы жойылды, — деп мәлімдеді ведомство.

Бұдан бөлек, «Дәрмек» іс-шарасы аясында 2 қылмыстық дерек тіркелген. Есірткі қолданғаны үшін 235 құқық бұзушылық анықталып, тиісті материалдар сотқа жолданды.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Түркістан облысында былтыр заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленген еді.