Түркістан облыстық экология департаментінің басшысы Байбатыр Мұсабектің айтуынша, анықталған заң бұзушылықтар бойынша 324 әкімшілік іс қозғалған.
— Нәтижесінде жалпы 64,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 31,1 млн теңгесі 219 іс бойынша өндірілді. Қалған 31 айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін уәкілетті органдарға жолданды, — деді ол.
Сонымен қатар департамент басшысы облыста қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының өртенуі және рұқсатсыз қоқыс орындарының пайда болуы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, биыл өңірде полигондардың өртенуіне байланысты 6 дерек тіркелген. Бұдан бөлек 5 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тексеру жүргізіліп, 1,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 250 рұқсатсыз қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі анықталды. Заңсыз қоқыс орындарының ең көбі Ордабасы ауданында — 53, Арыс қаласында — 48 және Келес ауданында 37 факті тіркелген.
— Рейдтік іс-шаралар барысында 33 ауылдық округ әкімдігі аумағында қоқыс үйінділерін тазарту жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені белгілі болды. Ғарыштық түсірілімдер нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша жалпы 12,6 млн теңгеге 51 әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінде барлық айыппұл толық көлемде өндірілді, — деді спикер.
Бұған дейін Түркістан облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 166 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік.