Түркістан облысында еріктілер 60 млн теңгеден астам қазына қаражатын сақтап қалды

Антикор еріктілері 60 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ильзат Сафаргалиев

«Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде еріктілер бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін бақылауда. Үш ай ішіндегі жұмыс нәтижесінде қазынаның 66 333 078 теңгесі сақталып қалды.

«Жергілікті атқарушы органдар жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тым жоғары баға қойған. Мәселен, Сайрам орталық аудандық ауруханасы «А» корпусының қабылдау бөлімшесінің қосымша құрылысының сметалық құжатына 10,8 млн теңге ұсынған. Еріктілердің қырағылығымен қазынаның 10,6 млн теңгесі үнемделіп, ұсынылған мемлекеттік сатып алу 200 мың теңгеге жоспарланды. Сондай-ақ, Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сайттарда ақпараттық қолдау көрсету қызметіне 11 200 000 теңге жоспарлаған. Еріктілердің жіті қадағалауымен қазынаның 7,1 млн теңгесі үнемделді», - деді, Мұрат Төлеубаев.

Бүгінде өңірде 121 ерікті жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Антикор жемқорлық деректеріне бей-жай қарамайтын азаматтарды «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысуға шақырады.