Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 130-дан астам қылмыс анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында былтыр заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді.
Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Зиятаевтың айтуынша, өңірде бір жылда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 425 дерек анықталған. Оның 131-і — қылмыс, ал 294-і — теріс қылықты құқық бұзушылықтар.
Сонымен қатар есірткіні заңсыз егу бойынша 65 дерек, ал есірткі сату фактілері бойынша 43 дерек тіркелген.
— Аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 19 дерек анықталып, 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Интернет арқылы синтетикалық есірткі таратумен күрес нәтижесінде 1 382 ақпараттық сайт бұғатталды. Прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізілген электронды банктік есепшоттарға мониторинг барысында есірткі сатумен айналысуы мүмкін 1 761 банк картасы анықталып, «Антифрод» бағдарламасы арқылы олардың айналымына шектеу қойылды. Ал кинологиялық қызмет орталығының көмегімен 50 қылмыс ашылды, — деді спикер.
Сондай-ақ «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Шардара ауданы аумағынан үш есірткі алқабы табылған. Бұдан бөлек Жамбыл облысының шекара аумағындағы «Шақпақ Баба» бекетінде 13 құқық бұзу анықталып, жалпы 40 келіден астам есірткі тәркіленді. Аталған факті бойынша 5 тұлға ұсталып, қамауға алынды.
Өткен жылы Созақ ауданында құрамында есірткі заты бар ірі плантация анықталған болатын. Оқиғаға байланысты Қызылорда облысының екі және Шымкент қаласының бір тұрғыны ұсталды. Олардан 900-ден астам қарасора және 260-қа жуық көкнәр түптері тәркіленді.