Түркістан облысында қарасора алқабы мен көкнәр түптері жойылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарымен күресті күшейтті.
Полиция қызметкерлері екі апта ішінде 705 келіден астам марихуана, 260 келіден астам көкнәр және бір аңшы мылтығын заңсыз айналымнан алып, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстады.
Бүгінде барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Созақ ауданында құрамында есірткі заты бар ірі плантация анықталды. Оқиғаға байланысты Қызылорда облысының екі тұрғыны және Шымкент қаласының бір тұрғыны ұсталды. Олардан 900-ден астам қарасора және 260-қа жуық көкнәр түптері тәркіленді.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай іс-шаралар заңсыз есірткі айналымын жою және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру қылмысының алдын алу мақсатында жалғаса береді.
— «Қарасора — 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс аумағында 21 мыңнан астам аула, шаруашылық құрылыстар, өнеркәсіптік нысандар және егістік алқаптары тексерілді. Соның нәтижесінде екі апта ішінде есірткіге қатысты 11 қылмыстың жолы кесілді, — делінген Түркістан облысы полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Айте кетейік, бұдан бұрын Түркістанда той кортежін ұйымдастырған жүргізушілер жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.