Түркістан облысында қаруды сақтау талабын бұзған 700-ге жуық азамат жауапқа тартылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 79 қару тәркіленді.

Фото: ІІМ

Түркістан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның алғашқы тәулігінде облыс аумағында тіркелмеген 2 атыс қаруы тәркіленді. Сондай-ақ қаруды сақтау қағидалары мен тіркеу тәртібін бұзған 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 79 қару алынған.

– Бұдан бөлек 38 қару азаматтар тарапынан ерікті түрде ішкі істер органдарына тапсырылды. Қаруды сақтау қағидаларын бұзған 700-ге жуық азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды, – делінген полицияның ресми мәліметінде.

Полиция департаменті облыс тұрғындарын заңсыз сақталған немесе пайдаланылып жүрген қару туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, 102 арнасына хабарлауға шақырды.

Бұған дейін Түркістан облысында алты айда мал ұрлығының 48 дерегі тіркелгенін хабарлаған едік.