Мемлекет басшысының көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысының прокуратурасы бірқатар заңсыз қаржы және контрабандалық схемалардың жолын кесті.
Прокуратураның бастамасымен жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Қырғыз Республикасынан контрабандалық жолмен темекі өнімдерін тасымалдап, оларды Түркістан облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде өткізумен айналысқан тұлғалардың заңсыз әрекеттері тоқтатылды.
Бас прокуратура мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында жалпы құны 103 млн теңге болатын темекі өнімдері тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Тергеу барысында заңсыз делдалдық қызметтен алынған қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларына пара ретінде берілгені анықталды.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 366 және 367-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 тұлға анықталып, олардың 5-еуі күзетпен ұсталды.
Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде жалған кәсіпкерлік субъектілері арқылы шамамен 200 млрд теңге көлеміндегі қаржы құралдарын алыс және жақын шетелдерге заңсыз шығару фактісі анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 235-1-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Ұлытауда кәсіпорын директоры тергеушіге пара бермек болған сәтте ұсталды.