Түркістан облысында кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан 5 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Түркістан облысында кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқан 5 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен кәсіпкерлікті қорғауға және қолдауға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асырылуда. Мәселен, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік» корпорациясы тарапынан 15 кәсіпкерге қойылған негізсіз талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ, Арыс қаласында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскелерін жылдан аса мерзімде рәсімдей алмаған 8 кәсіпкер облыстық жер комиссиясы тарапынан кедергі жасалып жатқаны туралы шағым түсірген болатын. Департамент құзырлы органдармен кеңес өткізіп, мәселені түбегейлі қарап шықты. Нәтижесінде «Қожатоғай» кен орнында жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы қорытынды шығарылып, кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері оң шешілді.

«Әкімдік басшылығының және басқа да уәкілетті органдардың көмегімен 1300-ге жуық кәсіпкердің құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік туып, 25 мәселе оң шешімін тапты. Кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласқаны үшін 5 лауазымды тұлға қылмыстық, 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды» - деді, Мұрат Төлеубаев.