Түркістан облысында қауіпсіздік шараларын сақтамайтын балықшылар көп
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Соңғы жеті жылда өңірде балық аулауға шыққан 16 адам қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дүйсен Оразгелді мәлімдеді.
Қайғылы жағдайлардың негізгі себептеріне тоқталар болсақ, 7 жағдай балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болса, 6 жағдай алкогольді және есірткіге мас күйде балық аулауға шығудан болған. Ал, 3 жағдай ауа-райының қолайсыздығын ескермеу салдарынан орын алған.
«Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта балық аулау кезеңі жүріп жатыр, одан бөлек ауа-райы температурасының төмендеуінен су айдындарына мұз қатуда. Азаматтарымыздың, балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жылдың барлық мезгілінде профилактикалық, рейдтік іс-шараларды, түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді» - деді Дүйсен Оразгелді.
Бүгінде облыс аумағында балық аулауға арналған Шардара су қоймасы мен Сырдария өзенін бөлек, рұқсат етілген 19 кәсіпшілік балық аулау су айдыны бар. Жергілікті полиция қызметі мен көлік инспекциясы және балық шаруашылығы инспекция бірлескен түрде жыл басынан бері 10 мыңнан аса патрульдер және рейдтік жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде қысқы кезеңде судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 412-бабымен 10 жеке тұлғаға айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Өзбекстандағы өртте қаза тапқандар саны 4-ке жеткенін жазған болатынбыз.