Келес ауданында 2018 жылы туған Жаннұр Тұрсынбек ойын кезінде абайсызда өзенге құлап кеткен. Анасының айтуынша, оқиға 23 наурыз күні сағат 17:00 шамасында болған. Содан бері бала табылмаған.
Қазіргі таңда құтқарушылар іздеу жұмыстарын Құрылыс елдімекені маңындағы Келес өзенінде жүргізіп жатыр.
Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, облыстық жедел-құтқару жасағы, Шымкент қаласы және Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім беру саласының мамандары, еріктілер мен баланың туыстары жұмылдырылды.
— Жалпы іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам мен арнайы техника тартылды. Құтқарушылар су айдынын тексеру кезінде құтқару катерлері, эхолоттар, дрондар және суасты дрондарын пайдаланып жатыр, — деп хабарлады облыстық ТЖД.
Бұған дейін сәуір айында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмыстары тоқтатылған еді.