Түркістан облысында қытайлық инвестор тоқыма комбинатын салып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында қытайлық инвестицияның көлемі артып келеді, бұл өңірдегі өнеркәсіптің дамуына оң әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, Түркістан облысында қытайлық инвестордың қатысуымен мақтаны өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын тоқыма комбинатының құрылысы жүріп жатыр.
— Мен бұл компанияға алғаш барғанымда, жоба енді басталған болатын, ал қазір нәтижесі шынымен де керемет, — деп атап өтті Серік Жұманғарин Астанада өтіп жатқан «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысының барысында.
Сондай-ақ ұлттық экономика министрі елімізге шетелдік инвестицияның келуі өңірлік экономиканың дамуына тікелей ықпал ететінін айтты.
— Саудасыз инвестиция болмайды. Сауда нарықты зерттеуге мүмкіндік береді, содан кейін ірі жобаларды іске асыру кезеңіне өтуге жол ашады, — деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы аясында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларынан асатын 35-тен астам меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, Орталық Азия елдері мен Қытай 17 млрд доллардың келісіміне қол қойды.