Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, реконструкция жұмыстарының қайта қолға алынуы бұрын басталған су шаруашылығы жобаларын аяқтау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Бекітілген алгоритм аясында өткен жылдары құрылысы басталғанымен, ұзақ уақыт бойы аяқталмай қалған 10 нысандағы жұмыстарды кезең-кезеңімен аяқтау көзделген. Қызылқұм магистральдық каналы – құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді түрде қайта жанданған алғашқы нысандардың бірі.
Каналдың ұзындығы 3,8 шақырым болатын учаскесін реконструкциялауға мердігер ұйым 2026 жылдың қазан айында, вегетация кезеңі аяқталып, суармалы су беру тоқтатылғаннан кейін кірісті. Жобаны іске асыру мерзімінің тығыздығы мен әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, министрлік мердігер ұйыммен бірлесіп, қажетті еңбек, техникалық және материалдық ресурстарды жұмылдыру шараларын қабылдады.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары тәулік бойы үш ауысыммен жүргізіліп жатыр. Нысанда шамамен 250 маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтар толық көлемде жеткізіліп жатыр.
Құрылыс алаңына бетон қоспасын үздіксіз дайындап, жеткізуге және бетондау жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізуге мүмкіндік беретін бетон араластырғыш қондырғы орнатылған. Жобаға сәйкес, канал арнасының ішкі беті бетонмен қапталады. Бұл су тасымалдау кезіндегі шығынды едәуір азайтып, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
-Қызылқұм каналын реконструкциялауды аяқтау – министрліктің басым міндеттерінің бірі. Құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуіне, орындалатын жұмыстардың сапасына және нысанның уақытылы пайдалануға берілуіне ерекше назар аударылып отыр. Жобаның іске асырылу барысы тұрақты бақылауда, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.
Осыған дейін су шығынын азайту үшін Қазақстанда 746 канал жаңартылатыны туралы жаздық.